EN 
  KZ 
  RU 
btn
btn
АБДИ гуманитарлық зерттеу институтына француз ғалымдары келді
15 октября 2024
АБДИ гуманитарлық зерттеу институтына доктор Изабель Оайон бастаған француз орталығының ғалымдары келді. Орталық 2001 жылы Ғылыми зерттеулер ұлттық орталығы мен Әлеуметтік зерттеулер жөніндегі жоғары мектептің  бірлескен орталығы ретінде құрылған.
2 сентября 2024
Өскенбай Қанат Зұлқарышұлы
Хабарландырудың берілген уақыты – 2 қырқүйек 2024 ж.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы N 128 бұйрығына сәйкес, «АБДИ Гуманитарлық зерттеу институты» ЖШС Ғылыми кеңесі «қауымдастырылған профессор» ғылыми атағына үміткер т.ғ.к., институт директоры
Қ.З. Өскенбай туралы анықтаманы және Халықаралық рецензияланатын басылымдағы жарияланымдар тізімін ұсынады:

1. Қосымша 1. Ізденуші туралы анықтама;
2. Қосымша 2. Халықаралық рецензияланған басылымдардағы жарияланымдар тізімі
3. Диссертация қорғаудан кейін жарияланған ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілген басылымдардағы жарияланымдар тізімі
«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының алтыншы басылымы жарияланды
28 июня 2024
«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына алтыншы басылымының мақалалары шықты
Vol. 2 No. 2 (2024)
DOI: https://doi.org/10.69567/3007-0236.2024.2
Published: 2024-06-25
АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының директоры тарихи география тақырыбында өткен халықаралық конференция жұмысына қатысты
5 июня 2024

2024 жылғы 3-4 маусымда Алматыдағы Достық үйінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» халықаралық конференциясы өтті.

Конференцияға Қазақстан зерттеушілерімен қатар әлемнің көптеген елдерінен (АҚШ, Германия, Жапония, Израиль, Катар, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Тәжікстан, Түркия, Ұлыбритания, Чехия) белгілі ғалымдар қатысты.

«Қазақ даласының тарихи географиясы» сессиясында АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай «Ортағасырлық Қазақ даласындағы Жошы жорықтарының тарихи географиясы» атты баяндама жасады.

Конференцияны Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Орталық Азияның тарихи географиясы» бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру гранты аясында өткізді.

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтында жапон ғалымы Хироюки Нагаминэмен кездесу өтті
24 мая 2024

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтында Жапонияның ұлттық технологиялық институты Ояма колледжінің әдебиет магистрі, доцент Хироюки Нагаминэмен (Ояма, Жапония) кездесу болды.

Нагаминэ мырза «Qazaq Historical Review» ғылыми журналы редакциялық кеңесінің мүшесі. Оның «Мунтахаб ат-тауарих-и Муʻини» қолжазбасының жадуалы (кесте) мен «Topkapı Sarayı Müzesi Kütüphanesi, B. 411» белгісіз қолжазбасындағы Жошы туралы мәліметтер бойынша жаңа зерттеуі «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының төртінші басылымында жарық көрді.

Кездесу барысында Нагаминэ мырза Институттың ғылыми басылымымен және жұмыстарымен танысты. Институт директоры Қанат Өскенбаймен және бас ғылыми қызметкер Рашид Кукашевпен ғылыми іздестер жөнінде әңгімелесті.

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының директоры Абай университетінің халықаралық конференциясында сөйледі
22 мая 2024

2024 жылы мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жошы ұлысының мұрасы, тарихы мен тағылымы» деп аталатын халықаралық ғылыми практикалық конференция өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан, Түркия, Канада және Жапонияның белгілі ғалымдары қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысында АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай «Ортағасырлық Қазақстандағы Жошы ұлысының географиясы» тақыры бойынша баяндама жасады.

Конференцияға қатысушылар Жошы ұлысының тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелерін талқылап, әріптестерімен пікір алмасты. Конференция жұмысы БАҚ-та молынан жарияланды.

Конференция аяқталған соң қонақтар Алматы қаласының көрнекі орындарымен танысып, Медеу мұз айдынын көрді, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейі мен Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейін аралады.

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналын аса ірі Crossref халықаралық базасы тіркеді
17 апреля 2024

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының Qazaq Historical Review ғылыми журналын аса ірі Crossref халықаралық басылымдар ассоциациясы тіркеп, индекстеді.

Crossref – цифрлы нысандарды индентификаторын (digital object identifier, қысқаша – DOI) DOI халықаралық қоры (the International DOI Foundation) тіркейтін аса ірі агенттік.

Бұған дейін журналды ISSN (ISSN: 3005-4206; e-ISSN: 3007-0236) халықаралық базасы тіркеген.

Журналдың барлық нөмірі мен журнал сайтына https://qhr.kz/ жарияланған әрбір мақаласы Crossref базасына тіркеліп, DOI нөмір берілген.

«Qazaq Historical Review» (QHR) ғылыми журналы АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ресми баспа органы саналады. Журнал қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде «АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» ЖШС қаржысымен шығады.

Журналдың бірінші нөмірі журналдың сайтына https://qhr.kz/ жарияланды.

2023 жылы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті журналдың мерзімді басылым ретінде есепке қойылғаны туралы №KZ16VPY00064440 куәлігін берді.

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының бесінші басылымы жарияланды
29 марта 2024
«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына бесінші басылымының мақалалары шықты
Қазақстанның байырғы тарихының белгілері ғылыми қызығушылықты тоқтатқан емес. Көне қаланың іздері мен әр жерден менмұндалап көрінетін  ұлы қорғандардың қалдықтары, байырғы металлургияның ошақтары, әдет-ғұрып орындары, ежелгі еңбек құралы, керамика мен ескі тиын мәнеттері – бәрі де бұрынғы өткен дәуірдің адамға айрықша әсер қалдыратын белгілері.
«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының төртінші басылымы жарияланды
5 декабря 2023

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына төртінші басылымының мақалалары шықты

Қазіргі Қазақстан ұлттық ерекшелігін зерделеу мен ұлттық идеясын қалыптастыру жолындағы жаңа ізденістер кезінде өзінің ортағасырдағы төл тарихына баса ден қойып келеді. Тарихи өткенімізді тану процесіне арналған жаңа тарихи нарративтер бағытының әлеуметтік өзектілігі мен маңызы зор. Жаңа ұлттық тарихи зерттеулерде Алтын Орда мұрасы және оның қазақ тарихы мен мемлекеттілігіне қаншалықты ықпал еткені айрықша маңызды орын алады. Қоғамдық санада бұған дейін, әсіресе совет кезеңінде Алтын Орданың шынайы тарихы жазылмады, көрінеу бұрмаланды стереотип қалыптасқаны байқалады. Осыған орай өз кезегінде ұлттық тарихты қайта пайымдау қажеттілігі туды. Бұл тұрғыдан 2019 жылы Алтын Орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығына, 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған мемлекеттік деңгейде ірі іс-шаралар өткенін айту керек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы Алтын Орданың тікелей мұрагері екенін, халқымыздың мәдени кодының жүлгесі сонда жатқанын атап өтті. Мұндай мерейлі іс-шаралар қоғамды ұйыстырып қана қоймай, терең ғылыми ізденістер мен ғылыми дәстүр қалыптастыруға жетелеуі қажет. Өткенді идеология мен мифологиядан ада ғылыми көзқараспен зерттеу – тарихты объективті зерттеудің аса маңызды шарты саналады. Сонымен қатар Алтын Орданың, жалпы ортағасырдың тарихын зерттеудегі әлем ғылымының тәжірибесі де ескерілуге тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциялық алқасы мен АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы бұл нөмірді (4, 2023) Қазақстан мен Еуразияның ортағасырлық тарихына қатысты деректану, тарихнама және тарихи зерттеулердің жаңа парасына арнады. Қазақстан, АҚШ, Жапония, Канада, Ресей, Украина, Финляндияның қазіргі заманғы жетекші тарихшылары автор ретінде тартылды.

Журналға жарияланған қазақ тарихшысы Нұрлан Атығаевтың мақаласында XVI ғасырдағы қазақ-қалмақ қатынастарының ерекшеліктері жазылған. Мәскеу профессоры Александр Қадырбаев мақаласында «Халықтардың ұлы көші» дәуіріндегі ірі оқиғалар сөз болған. Украин зерттеушісі Владислав Гулевич Алтын Орда ханы Мөңке-Темірдің Богемия королі Пржемысл ІІ Отакарға жіберген жұмбақ елшілігінің қыр-сырын тарата айтқан. Канада тарихшысы доктор Жу-Юп Ли «қазақлық» феномені жайлы зерттеуін жалғастырған. Қазақ-Америка профессоры Юлай Шамильоглу «Қара өлім» деген атпен мәлім бубон обасының Алтын Ордадағы саяси дағдарысқа қалай ықпал еткенін жазған. «Жарияланым» айдарына дереккөздердің жаңа аудармалары мен оларға жасалған латын (Роман Хауталының мақаласы), парсы (Хироюки Нагаминэ мақаласы) мен түрік (Ілияс Мұстақимов пен Қанат Өскенбайдың мақаласы) тілдерінен алынған түсініктемелер берілді. Журнал нөмірінің соңы Жу-Юп Ли мен Мари Фавероның жаңа кітаптарына шолумен аяқталған.

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының үшінші басылымы жарияланды
4 декабря 2023

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына үшінші басылымының мақалалары шықты

Кейінгі жылдары Қазақстанның саяси тарихында совет дәуіріндегі ақтаңдақтар мен түрлі зұлматтың қазақ тағдырына қалай ықпал еткені айрықша зерттеліп келеді. Қазақстан саяси жетекшілігі өткен тарихымызды зерделеуге білікті мамандарды тарту қажеттігін айтып отыр. Қазақ халқының басынан өткерген ауыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін және әртүрлі халықтарды қазақ жеріне күшпен қоныстандыру саясаты кейінгі тарих ғылымының өзекті мәселесінің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай күрделі мәселеге барынша ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Қазақстан президенті «тарихи зерттеулер ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізілуге тиіс, сонда ғана 1920 жылдардың 20–30 жылдарындағы алапат ашаршылыққа объективті баға беруге болады» деп санайды. Қазақстан 1920–1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнаулы мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия үш жылдан аса жұмыс істеп (2020–2023), ауқымды ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Сол зерттеулер қорытындысы бойынша архивте жатқан 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» белгісі алынды. 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. Қазақстан тарихшылары мен архив қызметкерлері бұл бағыттағы ізденістерін әлі де тоқтатқан жоқ. Мұның бәрін ескере отырып, «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциясы мен АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы журналдың осы нөмірін (2023, 3) ашаршылық пен Совет одағындағы аз ұлттардың депортациясы тарихына арнап отыр. Редакция ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көпшілікке таныстыру мақсатымен өз саласы бойынша белгілі тарихшы ғалымдарды автор ретінде тартты. Бұл нөмірде алғаш жарияланып отырған жаңа зерттеулер әрі қарайғы ізденістерді серпін беруге септігін тигізеді деген ойдамыз.

Қазақ тарихшысы Әлия Болатхан 1944–1953 жылдар аралығында Ресейден Қазақ КСР-нің Алматы облысына депортацияланған қалмақтар тарихы туралы зерттеуінің кейбір қорытындысын ұсынды. Наталья Кузовова мен Светлана Смағұлованың мақалаларында Украина мен Қазақстандағы жаппай ашаршылықтың азшылық ұлттарға және балаларға тигізген ауыр зардабы талданған. Профессор Тұрғанбек Алланиязов 1929–1931 жылдардағы қарулы көтерілістер туралы Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің анықтамалары мен мәліметтерін сараптаған. Германия тарихшысы, профессор Виктор Дённингхаус 1920 жылдардың аяғында неміс халқының Совет одағынан Еуропа мен Америкаға жаппай дүрліге көшу тарихының қайғылы салдарын зерттеген. Беларусьтың жас тарихшысы Кирилл Латышев Бұқтырма өзенінің кең алқабына шоғырланған, советтік қуғын-сүргінге қарамастан этникалық топ ретінде ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысқан «көне дәстүршіл орыс шаруалары» («Бухтарминские старообрядцы». – Ред.) туралы советтік кезеңнен кейінгі зерттеулерді жинақтап, түйіндеген. Юлия Простакова ғылыми мақаласы 1950–1960 жылдардағы Совет одағының мерзімді баспасөзінде «Батыс» бейнесі қалай көрсетілгеніне арналған. Профессор Альбина Жанбосынова архив құжаттарына сүйене отырып, 1920–1950 жылдардағы әлеуметтік-саяси оқиғаларды бастан кешкен Алдияровтар әулетінің үш ұрпағының трагедиясын баяндаған.

Журналдың бұл нөмірінің арнаулы редакторы: тарих ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Альбина Жанбосынова.

 

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының екінші басылымы жарияланды
2 декабря 2023

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына екінші басылымының мақалалары жарияланды.

Қазақстанның қазіргі саяси мәдениеті – бұл қазақ қоғамының көршілес халықтар мен мемлекеттермен көп ғасырлық өзара әрекеттесу тәжірибесі. Оның қалыптасуының ең маңызды кезеңі – 18 ғасырдың екінші жартысы – 20 ғасырдың басы, қазақ даласы Ресей империясының отарлау объектісіне айналып, Цин империясы және Орталық Азия хандықтарымен белсенді халықаралық қатынастарға түскен кезең. Осындай шекаралық өзара әрекеттесу, қазақтардың одан әрі отарлануы, жаулап алуы және Ресей империялық кеңістігіне қосылуы, одан кейінгі көшіп-қонушылардың үздіксіз толқыны, саяси тәуелсіздіктің түпкілікті жоғалуы жағдайында қазақ қоғамының қандай саяси ерекшеліктері қалыптасқанын түсіну маңызды. Қазақ тарихының осы кезеңіндегі оқиғалар мен үдерістер жаңа саяси тәртіпті айқындаған көп факторлардың біріне айналды. Оларды түсіну заманауи мәселелерге жауап табуға көмектеседі. Осыған байланысты «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциялық алқасы мен АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының ұжымы келесі шығарылымның (2, 2023) тақырыбы ретінде 18 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ саяси мәдениетінің трансформациясын таңдады. Редакция ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялау үшін қазіргі заманғы жетекші тарихшыларды автор ретінде шақырды. Жарияланған жаңа материалдар әрі қарай зерттеуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Марал Р. Сатенова мен Рашид Е. Оразовтың зерттеулері Ұлы және Орта жүз қазақтарының жаңа саяси шындығын, олардың Ресей және Қытаймен қарым-қатынасын, отарлаудың күшеюіне қарсы күресті қадағалайды. Тарихшылар Гүлфира Е. Өтепова, Павел С. Шаблей, Гүлмира С. Сұлтанғалиева қазақ қоғамының саясаты мен мәдениетіндегі өзгерістерді, олардың кітап, газет беттеріндегі көрінісін талдайды. Доктор Гзавье Аллез қазақ элитасының империялық Ресейдің отаршылдық құрылымына қосылуы тақырыбын қозғады. Ресейлік мұрағаттан алынған қазақ мылтық өндірісінің ерекшеліктері туралы маңызды тарихи құжат Владимир Т. Тепкеевтің мақаласында жарияланған. «Сын және библиография» бөлімінде профессор Светлана И. Ковальская 17–20 ғасырлардағы қазақ даласының тарихи картографиясы туралы жаңа кітапқа шолу жасайды.

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының алғашқы басылымы жарияланды
1 декабря 2023

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына алғашқы мақалалары жарияланды

Қазақстандағы соңғы онжылдық орта ғасырлардағы қазақ мемлекеттілігінің тарихына зерттеушілер мен қалың жұртшылықтың айтарлықтай қызығушылықтың артуымен ерекшеленді. Ортағасырлық қазақ мемлекеті туралы көне карталардағы мәліметтерге көп көңіл бөлінді. Ортағасырлық картография бойынша ғылыми зерттеулермен қатар әрқашан объективті басылымдар пайда бола бермейді, сондықтан бірінші нөмірдің тақырыптық блогы осы өзекті мәселеге арналған. Осыған орай, АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы мен редакциясы бірауыздан «Qazaq Historical Review» журналының №1 2023 санын Қазақстанның, Орталық Азияның және бүкіл Еуразияның тарихи картографиясының мәселелеріне арнау туралы шешім қабылдады. Редакция алқасы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялау үшін қазіргі заманғы жетекші тарихшыларды, географтарды және этнографтарды автор ретінде шақырды. Жарияланған жаңа материал Қазақстандағы тарих, география және картография ғылымының дамуына дұрыс ғылыми бағыт береді деп сенеміз.

Біз карталарды жақсы цифрлық сапада беруге тырыстық және оларды QR кодымен үйлестірдік. Мобильді құрылғының камерасын пайдаланып, оны сканерлеп, жоғары сапалы көрнекі суретке қол жеткізе аласыз.

Галина Н. Ксенжик пен Ерлан Т. Қариннің мақаласы Қазақстан тарихы бойынша XVII–XX ғасырдың басындағы ресей картографиялық материалдарының жиынтық каталогын талдауға арналған.

Шығарылымның маңызды бөлігі Орталық Азия туралы ортағасырлық еуропалық картографиялық ойға, атап айтқанда, Энтони (Антонио) Дженкинсонның тамаша карталарына арналған.

Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының профессоры Светлана М. Горшенина Дженкинсонның Орталық Азияға арналған XVI ғасырдағы жаңа картографиялық схемасын талдайды. Атап айтқанда, мақала авторы өз карталарынан белгілі Қытай көлін Арал теңізі деп түсіндіреді.

Доктор Нұрлан Кенжеахмет өз мақаласында бұл көл қазіргі Телецкое көліне сәйкес келеді деп болжайды. Оның мақаласында Еуропа карталарындағы қазақ даласы мен Орта Азия туралы мәліметтер жан-жақты қарастырылды.

Қазақ этнографы, АБДИ Гуманитарлық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Рашид Ш. Кукашевтың мақаласының бірінші бөлімі де Дженкинсонның жаңадан табылған «вроцлавтық» картасына арналған.

«Астана» ХҒК-ның ғылыми қызметкері, география ғылымдарының кандидаты Сергей В. Рассказов өз зерттеулерінің нәтижелерін сипаттап, XVIII–XIX ғасырдың басындағы Ресейдің бірегей тарихи карталарының көшірмелерін ұсынды.

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының жаңа ғылыми журналы
1 декабря 2023

АБДИ гуманитарлық зерттеу институтында «Qazaq Historical Review» деп аталатын жаңа ғылыми журнал ашылды.

2023 жылы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті журналдың мерзімді басылым ретінде есепке қойылғаны туралы №KZ16VPY00064440 куәлігін берді.

Журнал ISSN (ISSN: 3005-4206; e-ISSN: 3007-0236) халықаралық базасына да тіркелді.

«Qazaq Historical Review» (QHR) ғылыми журналы АБДИ гуманитарлық ғылыми зерттеу институтының ресми баспа органы болып саналады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде кварталына бір рет, жылына төрт рет шығады. Журнал «АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» ЖШС қаржысымен жарық көреді.

Журналдың бірінші нөмірінің мақалалары журналдың сайтына https://qhr.kz/ жарияланды.

Журнал құрылтайшысы – АБДИ гуманитарлық зерттеу институты. Бас редакторы – АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай.

Журналдың редакциялық кеңесінде Қазақстан мен шетелдің белгілі ғалымдары бар. Олар: тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Досбол Байғонақов, техника ғылымдарының кандидаты Әбдібек Бимендиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Альбина Жанбосынова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аблет Камалов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанғалиева, доктор Гзавье Аллез, доцент Хироюки Нагаминэ, доктор Никколо Пианчола, доктор Роман Хаутала, профессор, доктор Юлай Шамильоглу.

АБДИ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АККРЕДИТАЦИЯ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
23 октября 2020
2020 жылғы 23 желтоқсанда «АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес ғылыми (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредитация туралы 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 006358 қызметі куәлікті алды. 

Куәлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті есебінен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы конкурсқа қатысу үшін беріледі.

Институт басшылығы мен ұжымы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің басшылығы мен ұжымына қазақстандық ғылымға сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді!

Институтымыз бізге артылған сенімді ақтап, отандық тарих ғылымының дамуына өз үлесімізді қоса аламыз деп сенеміз!

АЛМАТЫДА ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ
23 октября 2020
2020 жылдың 23 қазанында Алматыда жаңа «АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды.

«АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» – ұлттық тарих пен мәдениет саласындағы заманауи мемлекеттік емес ғылыми-зерттеу, сараптамалық және баспа орталығы.

Жаңа институт ғылыми-баспа қызметі «АБДИ Компани» АҚ-ның баспа бөлімі негізінде құрылды.
Институттың ұжымымен мына еңбектер жарыққа шықты: 

«Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» (қазақ тілінде 2010 ж. және орыс тілінде 2008 ж.), 
«Қазақтар. Тарих пен мәдениет» (кітап үш тілде 2013 ж.қазақша, орысша және ағылшынша жарыққа шықты, 2015 және 2017 ж. қайта шығарылды) және т.б.

Барлығы 14 кітап, оншақты ғылыми мақалалар мен БАҚ-қа шықты. 

Институттың Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған кітап өндірісі халықаралық деңгейде мойындалып, Қазақстандағы және шетелдегі сарапшылар қауымдастығының жоғары бағасына ие болды. Бұл жоғары сапалы ғылыми-білім беру өнімі, сонымен қатар Қазақстан тарихын білушілерге, қонақтар мен туристерге тамаша сыйлық. Институтта Қазақстан және Еуразия тарихы бойынша белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері жарық көреді.

Институт Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның, Түркияның, Францияның, Ұлыбританияның және АҚШ-тың жетекші ғылыми, мұрағаттық, мұражайлық және кітапханалық мекемелерімен серіктестік жасауда. 

Институттың негізгі қызметі гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге, сондай-ақ Қазақстан мен көршілес мемлекеттер тарихындағы ғылыми жетістіктерді кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Институт оқу, ғылыми, оқу-ағарту және баспа қызметімен айналысады.
АБДИ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ МЕН ӨМІРІ ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАПТЫҢ тұсауын кесті.
30 сентября 2020
АБДИ Гуманитарлық зерттеу институты мен «АБДИ Компани» акционерлік қоғамы Ресей этнография мұражайымен бірлесіп жаңа кітап шығарды:

Қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы. В.Н.Плотниковтың 1859-1866 жылдардағы суреттерінің альбомы. Орыс этнографиялық мұражайының жинағынан / Ред. Қ.Өскенбай. Алматы: «АБДИ компаниясы» АҚ, 2021. 254 б. Ғылыми басылым. «Қазақтар. Тарих және мәдениет».

Кітапта алғаш рет 1859-1866 жылдары Владимир Николаевич Плотников (1832-1875) жасаған қазақтың тұрмыстық бұйымдарының акварельдік суреттерінің бірегей альбомы толығымен басылып шықты. Барлығы альбомда 253 сурет орналастырылған 45 парақ бар.

Кітап авторлары альбомның жарыққа шығуына алғысөз және кіріспемен, В.Н.Плотниковтың өмірі, қызметі және шығармашылық мұрасы туралы түпнұсқалық зерттеу материалдары, альбом суреттеріне ғылыми түсініктемелер, сонымен қатар глоссарий, библиография және көрсеткіштермен сүйемелденді. .

Кітаптың сөзсіз артықшылығы - 120 сирек мұрағаттық және мұражайлық фотосуреттер мен альбом сызбаларының тікелей аналогтары ретінде сызбалардың жариялануы.

Гуманитарлық ғылымдарды зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге, мұражай қызметкерлеріне, сондай-ақ қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан қалың оқырман қауымға арналған.

Бұл және тағы басқалар туралы жаңа кітабымыздан оқыңыз!

Кітапты «АБДИ Компани» АҚ дүкендерінен сатып алуға болады. Тауар коды 265144. Бағасы 12000 тг.