EN 
  KZ 
  RU 
Басты бет
Жаңалықтар

Жаңалықтар

4 декабря 2023

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының үшінші басылымы жарияланды

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының үшінші басылымы жарияланды

«Qazaq Historical Review» ғылыми журналының сайтына үшінші басылымының мақалалары шықты

Кейінгі жылдары Қазақстанның саяси тарихында совет дәуіріндегі ақтаңдақтар мен түрлі зұлматтың қазақ тағдырына қалай ықпал еткені айрықша зерттеліп келеді. Қазақстан саяси жетекшілігі өткен тарихымызды зерделеуге білікті мамандарды тарту қажеттігін айтып отыр. Қазақ халқының басынан өткерген ауыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін және әртүрлі халықтарды қазақ жеріне күшпен қоныстандыру саясаты кейінгі тарих ғылымының өзекті мәселесінің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай күрделі мәселеге барынша ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Қазақстан президенті «тарихи зерттеулер ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізілуге тиіс, сонда ғана 1920 жылдардың 20–30 жылдарындағы алапат ашаршылыққа объективті баға беруге болады» деп санайды. Қазақстан 1920–1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнаулы мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия үш жылдан аса жұмыс істеп (2020–2023), ауқымды ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Сол зерттеулер қорытындысы бойынша архивте жатқан 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» белгісі алынды. 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. Қазақстан тарихшылары мен архив қызметкерлері бұл бағыттағы ізденістерін әлі де тоқтатқан жоқ. Мұның бәрін ескере отырып, «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциясы мен АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы журналдың осы нөмірін (2023, 3) ашаршылық пен Совет одағындағы аз ұлттардың депортациясы тарихына арнап отыр. Редакция ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көпшілікке таныстыру мақсатымен өз саласы бойынша белгілі тарихшы ғалымдарды автор ретінде тартты. Бұл нөмірде алғаш жарияланып отырған жаңа зерттеулер әрі қарайғы ізденістерді серпін беруге септігін тигізеді деген ойдамыз.

Қазақ тарихшысы Әлия Болатхан 1944–1953 жылдар аралығында Ресейден Қазақ КСР-нің Алматы облысына депортацияланған қалмақтар тарихы туралы зерттеуінің кейбір қорытындысын ұсынды. Наталья Кузовова мен Светлана Смағұлованың мақалаларында Украина мен Қазақстандағы жаппай ашаршылықтың азшылық ұлттарға және балаларға тигізген ауыр зардабы талданған. Профессор Тұрғанбек Алланиязов 1929–1931 жылдардағы қарулы көтерілістер туралы Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің анықтамалары мен мәліметтерін сараптаған. Германия тарихшысы, профессор Виктор Дённингхаус 1920 жылдардың аяғында неміс халқының Совет одағынан Еуропа мен Америкаға жаппай дүрліге көшу тарихының қайғылы салдарын зерттеген. Беларусьтың жас тарихшысы Кирилл Латышев Бұқтырма өзенінің кең алқабына шоғырланған, советтік қуғын-сүргінге қарамастан этникалық топ ретінде ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысқан «көне дәстүршіл орыс шаруалары» («Бухтарминские старообрядцы». – Ред.) туралы советтік кезеңнен кейінгі зерттеулерді жинақтап, түйіндеген. Юлия Простакова ғылыми мақаласы 1950–1960 жылдардағы Совет одағының мерзімді баспасөзінде «Батыс» бейнесі қалай көрсетілгеніне арналған. Профессор Альбина Жанбосынова архив құжаттарына сүйене отырып, 1920–1950 жылдардағы әлеуметтік-саяси оқиғаларды бастан кешкен Алдияровтар әулетінің үш ұрпағының трагедиясын баяндаған.

Журналдың бұл нөмірінің арнаулы редакторы: тарих ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Альбина Жанбосынова.