EN 
  KZ 
  RU 
Басты бет
Жаңалықтар

Жаңалықтар

18 ноября 2025

«Qazaq Historical Review» академиялық журналының оныншы саны жарияланды

«Qazaq Historical Review» академиялық журналының оныншы саны жарияланды
Қадірлі оқырмандар!

Сіздерге АБДИ гуманитарлық зерттеу институты жанынан шығатын Qazaq Historical Review академиялық журналының кезекті нөмірін қуана ұсынып отырмыз.
Бұл нөмірдің мақалалары империялық отаршыл кезеңдегі Қазақстан тарихы тақырыбын әрі қарай жалғайды. Qazaq Historical Review академиялық журналының редакция алқасы автор ретінде ғылыми ізденіс қорытындысын жариялауға отандық тарихшыларды шақырды. Ресей отаршылдығы тұсындағы Қазақстан тарихы бүгінде бейғылыми ортаның да, түрлі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің де, тіпті шетелдіктердің де назарына жиі ілігіп отыр. Ресейдің отаршыл саясаты сөз болатын Қазақстан оқулықтары мен тарих кітаптары жиі сынға ұшырайтын сәттер де аз емес. Бұл тұрғыдан келгенде ресейлік метрополияның отар елдерге жүргізген озбыр саясаты ғылыми түрде талданатын қазіргі заманғы қазақ тарихшылары зерттеулерінің маңызы зор. Осы нөмірдегі материалдар отандық мамандардың әрі қарайғы ізденістеріне септесе түсер деп үміттенеміз.
Журналдың Қазақстанды Ресей империясының отарлауы және ғылыми зерттеуі айдарына төрт мақала жарияланды. Қазақтың шекара мен кеңістік жөніндегі пайымы және оның ХІХ ғасырда Ресейдің отаршыл саясатының ықпалымен қазақ қоғамындағы трансформациялануы туралы профессор Гүлбану Ізбасарованың (Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті) мақаласы назар аударарлық зерттеу болған. Доктор Светлана Смағұлова (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресейдің діни саясатының айқын мысалы ретінде қазақ даласындағы миссионерлер қызметін қарастырған. Гүлшат Абикова (Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы) мен  Мөлдір Кулшигашова (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті) және Шыңғыс Таженовтердің (Логистика және көлік академиясы) бірлескен мақалаларында Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының архивтері, музейлері мен кітапханаларындағы визуал материалдарды зерделеу бойынша жүргізген ғылыми ісссапарларының қысқаша қорытындысы баяндалған. Доктор Сәуле Үдербаева (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Орынбор ғылыми архив комиссиясының қызметі (1887–1917) мен осы архив шығарған «Труды» басылымының тарихи маңызын талдап көрсеткен.
Отарлық кезеңдегі тарихи тұлғалар айдарында қазіргі қазақ тарихшыларының үш мақаласы жарық көрді. Жетісудан шығып, алғаш жоғары білім алған қазақ қайраткері Барлыбек Сыртановтың қызметі Рашид Оразовтың (Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты) мақаласында архивтың тың құжаттары бойынша қарастырылған. Марал Сатенова (Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты) Қазақ даласының оңтүстігі мен Ташкент алабы тарихындағы қазақ ханы Жолбарыстың рөлін талдап, өзбек, орыс, жоңғар арасындағы күрделі геосаяси жағдайда олармен байланыста тепе-теңдік сақтай білгенін сөз еткен. Доктор Галия Шотанова (Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты) Бөкей хандығының билеушісі Жәңгір хан қызметіне қайыра тоқталып, оны дәстүрлі қазақ қоғамының басты реформаторы ретінде сипаттаған.
Журнал нөмірінің соңғы айдары – Сын және библиографияға екі рецензия жарияланды. Марал Сатенова (Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты) Павел Шаблей мен Паоло Сарторидің телавторлығымен жарық көрген «Мансуров ісі: империя және Қазақ даласындағы сопылық» атты жаңа кітапты талдаған. Доктор Жанерке Шайгөзова (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) көшпелі өркениеттің визуал деректемелеріне арналған жаңа альбом-кітап туралы әңгімелеген.
Журнал редакциясының алқасы атынан авторларымызға, рецентзенттерге, редакторлар мен аудармашыларға осы нөмірді әзірлеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Мәтінді ағылшын тіліне аударып, редакциялауға тарих ғылымының кандидаты, доцент Заринэ Әлиқызы Жандосова (Санкт-Петербург мемлекеттік университеті) және доктор  Динара Сайкенева үлкен көмек көрсетті. Нөмірдің арнаулы редакторы болған, авторлармен және редакциямен тұрақты хат-хабар алмасқан Марал Сатенованың еңбегі айрықша зор.

Qazaq Historical Review академиялық журналының бас редакторы,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Қанат Өскенбай