Жаңалықтар
30 апреля 2025
«Qazaq Historical Review» академиялық журналының сегізінші саны жарияланды
Редактордан
Қадірлі оқырмандар!
Сіздерге Qazaq Historical Review академиялық журналының кезекті шығарылымын ұсынғанымызға қуаныштымыз. Журналымыз әлі «жас» болғанымен, жыл сайын төртінші нөмірін Қазақстанның ортағасырлық тарихы мен іргелес жатқан Еуразия аймақтарының кейбір мәселелеріне арнайтын шағын дәстүріміз бар. Сол себепті Qazaq Historical Review ғылыми журналының редакциясы осы кезеңді зерттеумен шұғылданып жүрген қазіргі заманғы шетелдік және отандық тарихшыларды автор ретінде шақырды. Зерттеу қорытындыларын біздің журналымызда жариялау жөніндегі өтінішімізді Украина, Финляндия, Жапония ғалымдары мен Алматы, Қарағанды, Семейдегі отандық зерттеушілер қабыл алды. Жарияланған материалдар әрі қарайғы ғылыми зерттеулер мен халықаралық ғылыми байланыстардың нығая түсуіне ықпал етеді деп үміттенеміз.
«Түркі-моңғол әлемі» атты бірінші бөлімге украин тарихшысы Владислав Гулевичтің (Украина Жоғарғы Радасының аппараты) Днепр жағалауындағы моңғол қолбасшылары – Куремсы мен Могучейдің мәртебесі жөніндегі зерттеуі жарияланды. Автордың ойынша, екі қолбасшы да Бату хан жарлығымен берілген жерге иелік еткен Шыңғыс хан ұлдарының ұрпақтары. Сол себепті де Могучей Галич қаласын беру жөнінде князь Данило Романовичке өзі талап қоя алмаған. Қазақстанның белгілі тарихшысы, профессор Амантай Исин (Шәкәрім университеті) Жошы ұлысы негізінде құрылған мемлекеттердің әртүрлі атауларын қарастырып, олардың қазақ халқы жадында қалай сақталғанына назар аударған. Автор Жошы ұлысының тарихын зерттеудегі академиялық және бейакадемиялық тәсіл белгілерін бөліп көрсеткен. Отандық археологтар Эмма Усманова (Қарағанды университетінің Сарыарқа институты) мен Михаил Антоновтың (Археология институты) бірлесе жазған мақаласы 751 жылы болған, араб әскері мен Тан империясының әскері соғысып, Тан тылындағы қарлұқтар көтерілісі шешуші рөл атқарған атақты Талас/Атлах шайқасына арналған. Авторлар бұл зерттеуді «әскери жанжал ландшафты» әдіснамасы бойынша қарастырып, араб және қытай әскерінің бағыттары мен шайқас алаңының картографиясын жасаған.
«Құжаттардағы ортағасыр» айдарында ортағасырлық қолжазбаларға жаңа талдау жасалып, дереккөз аудармасы көрсетілген, сондай-ақ қазіргі уақытта белгілі ортағасырлық құжаттарға жаңа түсініктемелер мен пікірлер ұсынылған. Жапонияның белгілі зерттеушісі, қауымдастырылған профессор Хироюки Нагаминэ (Ұлттық технология институты, Ояма колледжі) Лондон, Париж, Берлин және Эдинбург кітапханаларында тұрған, ғылыми ортаға аса танымал емес «Шыңғыс-нама дәптері» («Дафтар-и Чингиз-нāма») атты авторы белгісіз түркі тіліндегі шығарманы талдаған. Мақалада бұл шығарманың әртүрлі нұсқаларының тарихи құндылығы көрсетіліп, Ақсақ Темірдің Константинопольді жаулағаны, Бердібек ханның лақап аты, Тоқтамыс ханның ұлдары мен бектері туралы қызғылықты мәліметтер келтірген. Фин тарихшысы, доктор Роман Хаутала (Оулу университеті) венгр королі IV Беланың моңғолдар Еуропаға қайыра шапқыншылық жасауы мүмкін деген қауіппен папа IV Иннокентийге хат жазып, Апостол тағынан жәрдем сұраған хатының латын мәтініндегі түпнұсқасы мен орыс тіліндегі аудармасын жариялады. Хатты жазуға мәжбүр еткен жағдай мен хат жазылған уақыт жөнінде және мәтіннің түсініксіз тұстарына түсініктеме берілген. Профессор Аблет Камаловтың мақаласында (Тұран университеті / Нархоз университеті) 795 жылы Тан империясының батыс астанасы Чанъаньда өліп, император сарайына жерленген ұйғыр ханзадасы Қара Шор-тегіннің құрметіне қойылған құлпытастағы қытай және түркі тілдерінде жазылған жоқтау зерттелген. Автордың ойына қарағанда, бұл жоқтау Ұйғыр қағанаты тарихындағы аса маңызды оқиға – билік Яглакар әулетінен Эдиз әулетіне өткен кезден хабар береді.
Нөмірдің соңындағы «Сын және библиография» айдарында профессор Нұрлан Атығаев (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) пен қауымдастырылған профессор Қанат Өскенбайдың (АБДИ гуманитарлық зерттеу институты) көне карталар мен ондағы Қазақстан туралы Ерлан Қариннің жаңа кітап-каталогына шолуы берілген.
Журналдың редакция алқасы атынан авторларымызға, рецентзенттерге, редакторлар мен аудармашыларға осы нөмірді әзірлеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Мәтінді ағылшын тіліне аударып, редакциялауға тарих ғылымының кандидаты, доцент Заринэ Әлиқызы Жандосова (Санкт-Петербург мемлекеттік университеті) үлкен көмек көрсетті.
Qazaq Historical Review академиялық журналының бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Өскенбай