EN 
  KZ 
  RU 
Басты бет
Жаңалықтар

Жаңалықтар

22 мая 2025

Авторларымызбен кездесу: профессор Ван Хайянь

Авторларымызбен кездесу: профессор Ван Хайянь
2025 жылы 21 мамырда «Қазақстан» қонақүйінде Орталық Азиядағы (Қазақстан) қытайтану мәселесіне арналған алғашқы форум өтті. Ұйымдастырушылар қатарында «Белдеу және Жол» ғылым-білім орталығы, Дүниежүзілік қытайтану орталығы (ҚХР), Алматы қытайтанушылар ассоциациясы болды.
Форум жұмысына Қытай Халық Республикасы Шығыс Қытай педагогикалық университетінің профессоры Ван Хайянь (王海燕) ханым қатысып, «Орталық Азияның Қытайды зерттеу мәселесі: қытай көзқарасы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Форум аяқталған соң профессор Ван Хайянь «Qazaq Historical Review» академиялық ғылыми журналының бас редакторы, АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Өскенбеймен кездесуге ықыласпен келісті.
Профессор Ван Хайянь аталған журналдың үшінші нөміріне жарияланған «Қытай мен Орталық Азия елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығына 30 жыл: жетістіктер мен мүмкіндіктер» деп аталатын мақаланың авторы (DOI: https://doi.org/10.69567/3007-0236.2024.3.260.279). Ауқымды тарихи материалдар мен статистикалық мәліметтерге сүйенген бұл зерттеу Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің кейінгі отыз жылдағы өзара қарым-қатынасының даму белестерін көрсетеді.
Кездесу кезінде профессор Ван Хайянь мен Қанат Өскенбай әрі қарайғы ғылыми ынтымақтастықты дамыту жайын талқылап, «Qazaq Historical Review» академиялық ғылыми журналына жаңа зерттеу нәтижелерін жариялау жөнінде уағдаласты.
Профессор Ван Хайянь Шанхайдағы Шығыс Қытай педагогика университетінің Саясат және халықаралық қатынастар мектебінде Қазақстанды зертттеу жөніндегі орталық директоры болып саналады.
Бірнеше университет базасында 1951 жылы құрылған Шығыс Қытай педагогикалық университеті Қытайдағы аса ірі университтердің бірі.
Қазақстанды зерттеу орталығы 2020 жылы құрылған. Орталық қызметкерлері магистранттар мен докторанттар оқытумен, Орталық Азия экономикасы мен саясатын, ондағы қауіпсіздік пен әлеуметтік жағдайды зерттеумен, Қытайдың Қазақстан және Орталық Азияның өзге де мемлекеттерімен қарым-қатынасын зерделеумен шұғылданады.